Шара Жиенқұлова
Подкастты барлық платформаларда тыңдаңыз
Шара деген кім және неге ол туралы әңгіме етіп отырмыз?
Шара Жиенқұлова – кеңестік Қазақстандағы қазақ биінің негізін салушы. Театр әртісі, биші және хореограф ретінде ол төл мәдени төңкеріс жасады. Алайда Шара Жиенқұлованың үлкен сахнадан тыс өмірі сынаққа толы еді: әкесінің тұтқындалуы және қазасы, бірінші күйеуімен болған күрделі қарым-қатынасы, балаларының өлімі. ХХ ғасырда өмір сүрген өзге де әйелдер сияқты Шара да басынан талай қасіретті өткерді.
Шараның өмірбаяны. Отбасының шығу тегі, әкесінің тұлғасы, тұтқындалуы және өлімі. Оның тағдырында әкесінің тұтқындалып, қаза табуы қандай рөл атқарды?
Гүлшара, немесе қысқаша Шара, 1912 жылдың 18 шілдесінде Верный, қазіргі Алматы қаласында бірінші гильдияның саудагері Баймолда мен оның екінші әйелі, бұрынғы болыстың қызы Тыныбаланың әулетінде дүниеге келген. Шара балалардың үлкені еді, оның сіңлісі Хадиша да актрисалық жолды таңдап, өз өмірін өнерге арнаған еді. Қазақстан оны актриса әрі режиссер Шәкен Аймановтың жары – Хадиша Айманова деп таниды. Шараға оралсақ, бала кезінен әкесі Шараға байсалды қарап, кіші бауырларының амандығын оған жүктейтін. Ол қабағынан қар жауған қилы заман еді.

Қыста Жиенқұловтар отбасы қалада тұрса, ал жазда жайлауға қоныс аударатын. Қазақ бишісі жайлауға барғанда тұңғыш рет кейін өзінің тағдырына айналатын халық биін тамашалайды. Әкесі қызының болашағына бей-жай қарамай, Шараның молдадан хат танығанын құп көреді. Баймолда қызының орыс тілінде білім алуына қарсы болса да, өзінің туысы Сұлтан Жиенқұловтың қолқасымен оны жалпы білім беретін орыс мектебіне береді. Шара әкесі қалағандай діни білімді қатар алып жүріп, тоғыз сыныптық мектепті жеті жылда үздік тәмамдайды.

Он бес жасында ол Қазақ-қырғыз педагогикалық институтына оқуға түседі. Сол жерде биші қыз беделді адамның көзіне түседі, десе де өз естеліктерінде Шара ол кісінің есімін атамаған, алайда ол жас қыздың және оның отбасының өмірінде маңызды рөл ойнайды. Ер адам Шараны тоқалдыққа алмақ болған.

Алайда Баймолда сүйікті қызын көрші ауылға тығып қойып, күйеуге беруден бас тартады. Көп ұзамай осы оқиғадан кейін Жиенқұловты қудалау басталады. Баймолда төңкеріске дейін саудагер болғандықтан, оның отбасын да қуғын-сүргін айналмай өтпеді: 1927 жылы отбасының дүние-мүлкі тәркіленіп, өзін түрмеге жабады.

Отбасын асырау жүгін Шара жалғыз өзі арқалайды. Ол хатшы, есепші, машинист, кондитер фабрикасының қызметкері болып жұмыс істейді, милиция бөлімшесінде құжат та аударатын.
1920 жылдың соңында кеңестік жергіліктендіру саясатының аясында жергілікті халықты маңызды қызметтерге тағайындау басталды. Осылайша, қазақ және орыс тілдерін жақсы білетін, ұлты қазақ Шара Қазлеспром басшысының орынбасары болады. Тұрақты табыс жас қызға сейіл құруға, жақсы киінуге мүмкіндік берді. Алматыға Қазақ драма театры концертпен келгенде Шара опера әншісі Құрманбек Жандарбековты байқайды.

Барша қызды таңдай қақтырған Құрманбектің де Шараға көзі түседі. Ол қызды биге шақырып, жиі кездесіп жүрген екеуінің арасында ғашықтық оты лаулайды.

Көптің арманына айналған бойжеткенге Қытай консулының ұлы да, Түркістан автономиясының бірінші премьер-министрі, Түрксіб инженері Мұхамеджан Тынышпаевтың ұлы – Ескендір Тынышпаев та құда түседі. Құрманбек Шарадан демде айрылып қалуы мүмкін екенін түсініп, Шараның келісімімен, достарының көмегімен оны алып қашуға бел байлайды. Шараның анасы Тыныбала Құрманбектің бұрын отбасылы болғанын меңзеп, бұл некеге қарсы болған [Жиенқұлова, 1983, 23 б]. Алайда сол кезде абақтыда отырған Баймолда екеуіне ақ батасын береді. Шара мен Құрманбек 1929 жылы шаңырақ көтерді.

Шараның шығармашылық жолы 1928 жылы басталған, оған Құрманбек те үлес қосты.

Оны Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов және Манарбек Ержановпен бірге сол жылы Қызылордадан Алматыға көшкен Қазақ драма театрына қызметке шақырады. Театр сахнасында Шара алғаш рет эпизодтық рөлде ойнайды. Рахманқұловтың «Құжат» пьесасы бойынша Қанабек Байсейітов қойған қойылымда Шара жапон тыңшысын сомдайды, бұл оның алғашқы рөлі еді [Жиенқұлова, 1983]. 1929 жылдан 1934 жылға дейін ол Бейімбет Майлиннің «Шұға», «Майдан», Мұхтар Әуезовтің «Қаракөз» спектакльдерінде тек актриса ретінде ғана емес, биші ретінде де өнер көрсетеді [Жиенқұлова, 1983, 31 б.].
1934 жылы Шара әріптестерімен бірге халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің шақыруымен бүгін бізге Абай атындағы Ұлттық академиялық опера және балет театры деген атпен белгілі жаңа қазақ музыкалық театрына ауысады. Жаңа сахнада Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпанына» қойылған қойылымда Шара өзінің «Келіншек» атты алғашқы биін билеген болатын.

Біздің кейіпкерлеріміз – құрбы болған Күләш пен Шараның оқиғасы бір-біріне ұқсас, яғни екеуі де еңбек жолын жас драма театрда бастап, артынша музыкалық театрға ауысты. Дегенмен, әрқайсысының өз мансап жолы болды. Күләш Байсейітова музыкалық театрда қазақтың тұңғыш опера әншісі болса, Шара Жиенқұлова – бала кезінен би өнерін игерген қазақтың тұңғыш бишісі атанды. Әрине, кеңестік Қазақстанның бас театр сахнасына бұл аздық етіп, би өнерін шыңдау үшін Жүргенов Мәскеуден Үлкен театр труппасында жұмыс істеген хореограф Александр Артемьевич Александровты шақырады.

Александров пен Жиенқұлованың алғашқы шығармашылық бірлігінен Тәттімбеттің «Былқылдақ» күйіне қойылған «Тәттімбет» биі туады. Би қойылымдарымен жұмыс істей отырып, Александров пен Жиенқұлова қазақтың тұрмысы мен өмірін этнографиялық тұрғыда зерттей отырып, би шығарады.

1930 жылы Құрманбек пен Шараның тұңғышы Жәнібек, екі жылдан кейін Болат, ал 1936 жылы Марат дүниеге келеді. Шара жас ана атанса да, сахнада өнер көрсетуін тоқтатпайды.
Бірақ үлкені мен кіші ұлдары суық тиіп ауырып, сәби кезінде шетінеп кетеді, тек Болат қана тірі қалады.

Жеке өмірінде көңілін күпті еткен қайғымен қатар жүрген Шараның өнері өрлей береді. Себебі опера мен балет кеңес басшылығы үшін басымдықта болды әрі кеңес мәдениетінің басты сипаты ретінде көрініс тапты.

1936 жылы Шара қазақ делегациясының құрамында қазақ мәдениетінің онкүндігіне орай Мәскеуге аттанып, әріптестерімен елге оралғаннан кейін қазақтың тұңғыш балеті «Қалқаман-Мамырға» кіріседі. 1938 жылы экранға қазақтың тұңғыш дыбыстық фильмі «Амангелді» жол тартады, ал Шара фильмде басты рөлдердің бірі – Амангелдінің жары Балымның рөлін сомдайды. 
Жемісті мансабына қарамастан, артистің жеке өмірінің іргесі сөгіле бастады. Шара мен Құрманбектің арасындағы кикілжің Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінде басталды. (1936) Биші Үлкен театр тағылымдамадан өтуге шақырып, «Бақшасарай фонтаны» балетінде Зареманың партиясын билеуге ұсыныс алды. Құрманбек Шараға ауыр шарт қойып, Алматыға оралмаса, тірі қалған жалғыз ұлы Болатты бір көруге зар болады деді. Сөйтіп Шара Мәскеуде тағылымдамадан өтуден бас тартады.

Шара мен Құрманбек соғыс жылдарында ажырасты. Жандарбековпен ажырасқан соң, Шара өз тегіне ауысты. Екінші рет ол ұшқыш Жолдасбек Нұрымовпен отау құрады, бірақ некесі ұзаққа бармады, екеуі бірнеше жыл ғана бірге өмір сүрді.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Шара Жиенқұлова 35 концерт беріп, майданға гастрөлдік сапармен барған болатын. Ал 1950-60 жылдары ол тек көрші елдерге ғана емес, шетелдге де шыға бастады. Бұған дейін де халықаралық фестивальдерге қатысу туралы ұсыныстар түсетін. Мысалы, 1936 жылы Мәскеуде өтетін қазақ мәдениетінің онкүндігіне дайындық барысында Шараны Лондонға шақырған. Кейін ол би жетекшісі ретінде ансамбльдің құрамында Еуропада, Үндістанда, Қытайда, АҚШ-та өнер көрсетеді. Шараның соңғы гастрөлдері 1966 жылы ОАР-Сирия-Ливан-Мысыр-Моңғолия бағытымен өтті. Сол жылы ол өзінің сахналық мансабын аяқтады.

Осылайша, Шараның өмірінде жаңа тарау басталды – ол 1975 жылға дейін басқарған Селезнев атындағы хореографиялық училищеде ұстаздық етті. Болат Аюханов жетекшілік ететін «Алматының жас балеті» мемлекеттік классикалық би ұжымының сахнаға шығуын ол училищенің басты жетістіктерінің бірі деп атады.

Шара Аюхановпен бірге 1967 жылы «Қыз Жібек» балетін қойды. Қойылым оған КСРО Мемлекеттік сыйлығын әкелді, ал жиырма тоғыз жастағы Болат еңбек сіңірген артисі атағын алды.
1975 жылы Шара он жылдай ұстаздық еткен училищеден кетуге мәжбүр болды. Шәкірті Ғайникамал Бейсенова сұхбатында оның кетуіне әріптестерінің шағымы себеп болғанын айтқан еді. Шараның өмірінің соңғы 15 жылы оңай болған жоқ. Сол кезде көпшілікке жазушы ретінде танылып үлгерген, «Сақтар» мен «Томирис» романдарын жазған ұлы Болат Жандарбеков қатерлі ісікке шалдықты. 1991 жылдың 23 наурызында ұзақ сырқаттан кейін Болат Жандарбеков қайтыс болды, ал ұлының жаназасын шығарғаннан кейін, 40 күн өткен соң Шараның өзі де бақилық болды. Жалғыз ұлының қазасынан кейін Шараның өмірінде мән қалмады. Достары мен туыс-туғанына: «Қырқынан кейін өзім де кетемін» деген екен.

Шара Жиенқұлова Кеңес Одағы ыдыраған жылы – 1991 жылы 21 мамырда қайтыс болды. Биші әрі ұстаз Шарамен қоштасу Абай атындағы опера және балет театрының жанында өтті. Шара Алматыдағы Кеңсай зиратында ұлы Болаттың қасына жерленген.
Шара Жиенқұлова мұрасы және өмірінің соңғы жылдары
Өмірінің соңғы жылдарында Шара осы эпизодқа басты дереккөз болған «Өмірім менің — өнерім» естеліктер жинағын шығарды. Зерттеушілер бұл кітапта 1930-шы жылдың қиын-қыстау кездері туралы сыннан гөрі, метафоралық пайымның басым екенін айтады. Ақтығында, азаға толы отызыншы жылдары ең әуелі Шараның жақын-жұрағаты – әкесі Баймолда, педагог және әріптесі Александров, Мәскеуде өткен онкүндікте танысқан ақын әрі жазушы Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргенов және өзі бірге жұмыс істеген, таныс-білістерінің басым көбі қуғын-сүргінге ұшыраған еді.

Әйтсе де, өз артынан көптеген естелік қалдырып, қазақ театр және хореография өнерінің қалыптасу және даму тарихын жазуының өзі – бұл оның мұрасының ең ауқымды әрі маңызды бөлігі. Себебі мәдени революция кезінде кеңестік әйелдер эмансипациясы субъективтілікті жоққа шығарып, әйел баяғыдай еркекке тәуелді еді. Режим қысым көрсеткен тұста басты сынақ – өз ісіңе адал болып, артыңнан өшпес мұра қалдыру болса керек. Бұл Шараның қолынан келді. Ол замандағы әйелдер ерекше өмірлік қуатқа ие болатын, бұл өз кезегінде кеңес дәуірінде байырғы халықтан шыққан әйелдер сексуализацияға, экзотизацияға ұшыраған хореография сияқты қиын өнер түрінде өзін сақтап қалуға септігін тигізді.
Гульфайрус Исмаилова, «Қазақ вальсі», 1958
Гүлфайрус Исмаилованың «Қазақ вальсі» картинасында биші әрі хореограф Шараның билеп тұрған тұлғасы бейнеленген. Картинаның түпнұсқасы Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында, ал көшірмесі Алматыдағы Селезнев атындағы хореография училищесінде сақтаулы тұр. Бишінің 90 жылдық мерейтойына орай Жүргенов атындағы академияда Шара атындағы би сыныбы ашылды, ал ол соңғы 20 жылда тұрған үйінің қабырғасында (Абылайхан көшесі, 74) ескерткіш тақта орнатылды.