Гүлфайрус Исмаилова – суретші, әнші, шебер және актриса. Ұзақ ғұмырында Гүлфайрус өзін өнердің сан қырында сынап көрді, десе де түс, текстура, алуантүрлі материалдармен жұмыс оның жанын елітіп, жүрек қалауы еді. Ұзақ жылдар бойы Гүлфайрус Исмаилова опера және балет театрының сахналық кеңістігін әспеттеп, «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Аида» балет қойылымдарына декорациялар жасады. Ал әйгілі «Қыз Жібек» фильмінде көзге ерек түсетін костюмдерді өзі ойластырып, ерекше талғаммен жасауы оны баршаға танымал етті. Ал Гүлфайрустың кескіндемесі жандылығымен әрі қанықтығымен ерекшеленеді. Суретшінің көптеген картинасы жеке коллекциялар мен қазақстандық мұражайларда сақтаулы, ал ең ірі коллекциясы Қастеев атындағы өнер мұражайында тұр.
Гүлфайрус дүние есігін ашқанда оған Қоңырбаева Күлпаш Таңсықбайқызы есім берілген, ол 1929 жылы 15 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келген. Оның ата-анасы 30-шы жылдары дәм-тұздары жараспай, ажырасып кеткеннен. Ал кейін әкесі қуғын-сүргінге ұшырайды.
Соғысқа дейінгі қала – Гүлфайрустың балалық шағының, кейін шығармашылығының ең маңызды бөлігіне айналады. Суретші оны «бау-бақшаға оранған қала» деп атады, ал Алматы бақтары оның шығармашылық қиялын ерте жастан қалыптастырды.
Гүлфайрус Халида әжесінің тәрбиесінде болды, ол халықтың асыл мұрасын бойына сіңірген қолөнер шебері болғандықтан, немересінің қолөнерге, қазақ эпосы мен театрға деген асқан сүйіспеншілігін оятты. Суретші атанған Гүлфайрус 1967 жылы «Халық шебері» деп атаған триптихтің бір бөлігін әжесіне арнады, картинада ақ кимешек киген қарт қазақ әйелі бейнеленген.
Халида әже Гүлфайрусты тоқымашылық пен кесте тігуге баулыды, ал соғыс басталғанда он екі жасар немересіне кілем тоқушы болып жұмысқа тұруға кеңес береді. Бала кезінен әжесі бойына сіңірген өнер тар жол тайғақ кештірген соғыс жылдары мен соғыстан кейінгі ауыр кезеңдерді еңсеруге көмектесті.
Гүлфайрустың анасы Қайырниса Мирәлімова әнші болғысы келген, бірақ отбасылық және қаржылық жағдайы тұсау болып, мансабын жалғастыруға мүмкіндік бермеді. Десе де ол театр ортасына жақын жүрді, подкасттың өткен шығарылымдарының кейіпкерлері – Күләш Байсейітова және Шара Жиенқұловамен құрбы болған. Анасының әншілік қасиеті Гүлфайрустың бойына қонады.
Гүлфайрустың туған әкесінің орнын анасының үшінші күйеуі, соғыс ардагері Мансұр Исмаилов басты. Гүлфайрус өз естеліктерінде өгей әкесінің оны өз балаларынан бөліп-жармай, тең өсіргенін жазады. Гүлфайрус үшін оның пікірі маңызды еді, үнемі кеңес сұрап, ақылына жүгініп, оны әке деп атаған.
Гүлфайрус бала кезінен сурет салған, әкесі Мансұр оған дәрігер бол деген екен, соғыста түйгені бұл мамандықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетсе керек, мамандар тапшылығы да бар еді. Бірақ Мансұр Исмаиловтың жақын досы Әбілхан Қастеев Гүлфайрустың салған суреттерін көріп, оған суретшілік жолын қуып, көркемөнер училищесіне, Алматыға қоныс аударған Абрам Черкасскийдің сыныбына түсуге кеңес береді.