Хадиша Бөкеева
Подкастты барлық платформаларда тыңдаңыз
Хадиша деген кім және неліктен біз ол кісі туралы сөз қозғап отырмыз?
Хадиша Бөкеева – кеңес-қазақ театр және кино актрисасы, өнертану ғылымдарының докторы. Ол актриса ретінде де, педагог ретінде де сұранысқа ие болды. Оның шәкірттерінің қатарында театр мен кинода көп рөлді сомдаған – Құман Тастанбеков, Ғайникамал Байғошқарова, Меруерт Өтекешова, Тұңғышбай Жаманқұлов бар. Хадиша Бөкееваның өмірі туралы негізгі ақпарат көздерінің бірі – актрисаның өтініші бойынша «Хадиша мен Байғали» деп аталған жазушы Сара Латиеваның жинағы, ерлі-зайыптылар ашық хаттар, шақыру қағаздары мен хаттарға осылай қол қойған екен. Актрисаның бұлай жазуында жолдасы, опера әншісі Байғали Досымжановтың есімін және оның қазақ өнеріне қосқан үлесін сақтап қалуға деген талпынысы жатса керек.
Балалық және жастық шағы
Хадиша Батыс Қазақстан облысындағы Қазталовка ауылында дүниеге келген. Хадиша Бөкееваның құжат бойынша туған күні – 1917 жылдың 1 қаңтары. Алайда актрисаның өзі туған күнін, тіпті туған жылын нақты білмегенін айтты, ал анасы қызының «пішен шауып жатқанда» дүниеге келді деген. Десе де, Хадишаның балалық шағы мен ата-анасы туралы деректер аз. Сұхбаттарының бірінде актриса әкесі ол дүниеге келгенге дейін өмірден өткенін, анасының тәрбиесінде болғанын, алайда анасы сырқаттанып қалғанда қызын интернатқа беруге мәжбүр болғанын айтқан еді.
Бала кезінде-ақ Хадишаның сөйлеу мақамы жақсы қалыптасты, ол интернаттағы қойылымдарда жиі өнер көрсететін. Сондай қойылымдардың бірінде Хадишаның ерекше таланты бір композитордың көзіне түседі, ол Хадишаны ән айтсын деп балалар радиобағдарламасына алып келеді.

Мұрағат құжаттарында Хадиша Бөкееваның 1933 жылдың 1 қыркүйегінен 1934 жылдың 23 қаңтарына дейін Алматы медицина институтында оқығаны, ал кешке қалалық көркемөнерпаздар байқауларына қатысқаны туралы мәлімет бар. Түптеп келгенде, Хадиша өз өмірін медицинамен емес, өнермен байланыстырады. Жас республикаға театр мамандары керек болды, сөйтіп 1934 жылы кәсіби театр кадрларын даярлау туралы қаулы бойынша Хадиша басқа қыз-жігіттермен бірге Ленинград мемлекеттік сахна өнері техникумында оқу үшін Ленинградқа аттанады (қазіргі Ресей мемлекеттік сахна өнері институты).

Онда Хадиша актер әрі режиссер Василий Меркурьев, режиссер Всеволод Мейерхольд және оның қызы – актриса әрі педагог Ирина Мейерхольдтан дәріс алады. 1937 жыл оның мансабы үшін маңызды болды.

Ол кезде Бөкеева үшінші курс студенті еді, «Амангелді» фильмінің түсірілім тобы павильонда түсірілім жүргізу үшін Ленинградқа арнайы келген болатын. Хадиша алғаш рет қазақ театр өнерінің жұлдыздары – Шара Жиенқұлова, Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков пен Қанабек Байсейітов және т.б көрген еді. Оның өнер майталмандарымен танысуға немесе қаланы көрсетуге батылы жетпеді, десе де ол араға бірнеше жыл салып Алматыда бір сахнада өнер көрсететінін, әлбетте білген жоқ.
Ленинград техникумын бітіргеннен кейін Хадиша және басқа да түлектер дипломын алып, қазір Жұмат Шанин атындағы Шымкент облыстық қазақ драма театры атымен белгілі Шымкент облыстық театрына келеді.

Бір қызығы, Хадиша туралы өмірбаян жинағының авторы Сара Латиеваның сөзінше, Хадиша мамандық таңдамаған. Оның театрға келуін «Үкімет айтты, бұл орындады» деп жазады Латиева. Бұл Кеңес билігі жарияланған «эмансипацияға» қарамастан, шын мәнінде әйелдердің субъектілігі мен жеке таңдау мүмкіндігін шектегенін көрсетеді [Құдайбергенова, 2016, Асанова 2021].
Шымкент театры сахнасында Хадиша Фридрих Шиллердің пьесасы «Зұлымдық пен махаббатында», Островскийдің «Кеш келген махаббатында», Әуезовтің «Еңлік Кебегінде», Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтотысында» ойнайды.
«Райхан» және оның кинодағы мансабының басталуы
Шымкент театрында екі жыл жұмыс істеген Хадиша 1940 жылы өзі де күтпеген жерден сценарийін Мұхтар Әуезов жазған «Райхан» драмалық фильмінің іріктеуіне шақырту алады. Фильмде Кеңес үкіметі орнағаннан кейін қазақ әйелінің өмірі қалай өзгергені туралы баяндалады. Іріктеуге сол кезде толысып, қалыптасқан артистер де келеді. Шара Жиенқұлова да өзін басты рөлде сынап көреді. Олардың жанында Хадиша өзін жайсыз сезінді, ұяңдығы мен сахнадағы тәжірибесінің аздығынан сәтсіздікке ұшыраймын деп қорықты. Алайда Шымкентке оралғаннан кейін ол рөлді сомдайтыны туралы жеделхат алады. Түсірілімнен бір жыл өткен соң Хадиша Алматыға, Қазақ драма театрына жұмысқа шақырылады. Ол бұл театрға 70 жылға жуық өмірін арнады. 
Хадишаның актриса болып қалыптасу шағы соғыстың қызған тұсына дөп келді, театрда әскери тақырыпта спектакльдер жиі қойылатын. Театр сахнасында Шекспирдің комедиясына негізделген «Асауға тұсау» қойылымы ерекше жағдай еді. Хадиша онда басты әйел рөлі – Катаринаны сомдады, Петруччо рөлін ойнаған Шәкен Аймановпен жұп болды.

Оның басты рөліне айналған Катаринаның бейнесі актриса үшін оңайға соққан жоқ. «Мен Катаринаның қыңырлығын көрсетуге ұялатынмын, ал Шәкен драманы да, комедияны да оп-оңай іліп әкететін», - деп еске алады ол. Оның сөзінше, Катаринаның мінезі қазақтың дәстүрлі тәрбиесіне қайшы әрі төл болмысына кереғар еді. Алайда дәл осындай рөлдер арқылы Хадиша өз замандастары тұсында ең жарқын актриса ретінде есте қалды. Оның танымал рөлдері қатарында – түрік ақыны Назым Хикметтің «Фархад пен Шырындағы» Мехмене Бану, Тахауи Ахтановтың «Сәулесінде» Сәуле бейнесін атап өтуге болады.

Өз ғұмырында Хадиша сахнада 150 рөлді сомдады. Ол үшін сахнадағы әріптестерінің алатын орны мен маңызы зор еді. Жалпы, актерлік өнер ұжымдық өнер деп те аталады. Хадиша Бөкеева кино алаңындағы алғашқы ұстазым деп Сералы Қожамқұловты айтатын.
Байғали Досымжановпен танысуы және онымен бірге өмірі
Хадиша өмірлік серігі, опера әншісі – Байғали Досымжановпен Алматыда танысқан. Олар 1946 жылы шаңырақ көтеріп, шамамен 53 жыл бірге ғұмыр кешті. Осылайша Хадиша туған күнін екеуі танысқан күні – 21 ақпанда атап өтеді екен.

Оларды өнер тоғыстырған еді. Байғали дүниеден озар алдында «Ана тілі» журналына берген сұхбатында «Мен оның өнерін, ал ол менің өнерімді құрметтейді» деді. Әнші Хадишаны алғаш рет Дәметкеннің рөлін сомдаған «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу», кейін аты аңызға айналған «Асауға тұсау» спектаклінде көрді.
Хадиша жары туралы «Менің үйдегі кеңесшім, сыншым, досым» дейтін.

Байғали да Хадиша сияқты балалар үйінде тәрбиеленіп, екеуі өмірде де, тұрмыста да, өнерде де бір-біріне жақсы серік бола білді. «Үйде әйелдің, еркектің жұмысы деп бөлмейміз, бәрін бірге істейміз», - деді Байғали. Хадиша басты кейіпкер – жауынгер әйел Қарлығаның рөлін сомдаған «Қара Қыпшақ Қобыланды» спектаклінде жүкті болған актрисаға декорация құлап түседі. Осы оқиғаның салдарынан, ерлі-зайыптылар асыға күткен егізінен айрылады. Отбасында басқа бала болған жоқ.

Байғали Хадиша өз мансабына қаншалықты күш салса, оның мансабына да соншалықты күш салағанын айтатын. «Мен шамамен қырыққа жуық рөл сомдасам, Хадиша одан да көп рөл ойнады» деген еді. Оған қоса Хадиша опера әншісінің жұмысын жақсы түсініп, жарына дауысын сақтап, денсаулығын күтуіне жәрдем ететін. Ол 25 жастан кейін опера әншілерінің, әсіресе тенор дауысына ие жандардың дауыс желбезегі әлсірейтінін айтқан еді, сондықтан Байғали режиссурамен айналысты. Ал сахнада 20 жыл өнер көрсеткен Хадиша жаңа қызмет саласы – ұстаздыққа бет бұрды.

Актриса ұстаз болуды жоспарламаған, «Сүйегім сахнадан шығады» деп айтқан екен. Ол шынымен сахнада өте белсенді әрі көп ойнады, ал тұрақты репертуар мен маусымда қойылатын бір-екі қойылым оған басқа жұмыс туралы ойлауға мұрша берген жоқ. Ол кезде Алматыда театр өнерінен дәріс оқитын мұғалімдерге қажеттілік артып, Хадиша Бөкеева басты театр педагог-практигіне айналды. Кейін консерваториядан бөлініп, Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына айналған Театр және өнер институтында Хадиша 1965 жылдан бастап дәріс берді. Бұған қазақ театр педагогикасының негізін салушылардың бірі, Жүргенов атындағы академияда академиялық тіл сыныбын құрушы Рабиға Қаныбаева ықпал етті. Рабиға әріптесінен 10 жасқа кіші болса да, оның педагог ретінде тәжірибесі Хадишаға сенім ұялатып, ол кафедрада сабақ беруге келіседі.

Институтта Хадиша актерлік шеберліктен дәріс оқыды, сабақта студенттерді көрмелер мен галереялар, кино, спектакльдерге апаратын. Оларды көркем әдебиетке баулып, тұлғалық қасиеттерін ашуға тырысатын. Ол өнерде зорлық пен қысымға орын жоқ, өнер нәзіктікті қажет ететінін айтып отыратын. Дарынсыз болу кешірілмейтінін алға тартып, шәкірттерін өмірден шабыт іздеуге шақыратын. Хадиша Бөкеева шәкірті Құман Тастанбековті Ходжиковке «Қыз Жібектегі» басты рөл Төлегенге алуға ұсынған екен.

Ол студенттерімен ерекше қарым-қатынас орната білді: шәкірттерінің таңдаған мамандыққа сіңісіп, лайықты өмір сүруі ұстаз үшін маңызды еді, ал олар ұстазының өмірлік серігі Байғали өмірден өткеннен кейін, оған қамқорлық танытып, Бөкееваны «мама» деп атаған.
Өмірінің соңғы жылдары, шәкірттерінің рөлі
1998 жылы 76 жасында Байғали Досымжанов дүниеден өтті. Оның өмірден өтуі Хадишаға ауыр тиді. Сол сәттен бастап ол жолдасының есімін жаңғырту үшін қолынан келгенін жасады, одан жанына медет тапты.

Кейін Хадиша кезінде Алматыдағы Байғалимен бірге тұрған Зенков көшесі, 96-шы үйге ескерткіш тақта орнатты.
Хадиша Бөкеева қанша қартайса да, театрға жаяу баруды жөн көрген екен. 2007 жылы тоқсан жас мерейтойына орай әріптестері мен шәкірттері актрисаның құрметіне «Театр көктемі» фестивалін өткізді. Хадиша Бөкеева өмірден өтер алдында жамбас сүйегін сындырған болатын. Бұл жарақат оның денсаулығына ауыр соққы болып тиді. Актриса 2011 жылы 31 қаңтарда 93 жасында қайтыс болды.
Хадиша Бөкееваны еске алу
Хадиша Бөкеева көзі тірісінде-ақ көрерменнің де, әріптестерінің де сұранысындағы актриса ретінде қабылданды.

2014 жылы Орал қазақ драма театрына ұлы жерлес актрисаның құрметіне Бөкееваның есімі берілді. Бұл Қазақстандағы театрға әйел есімін берудегі санаулы оқиғалардың бірі болды. Оралдағы басты көшелердің бірі де актрисаның есімімен аталады.
Қастеев мұражайындағы қазақстандық суретші Мария Лизогубтың 1957 жылы салған портреті актрисаның сұлулығы мен ұлылығын еске салады. Оның қойылымынан үзінділер деректі фильмдерде сақталса, ал кино туындылар оның жарқын бейнесінің куәсі болып қалды. Біз үшін Хадиша Бөкеева сияқты актр