Күләш Байсейітова, дау жоқ, қазақ опера өнерінің бастау бұлағы. Опера және балет театрының әртісі, қоғам қайраткері әрі депутат. Оның кәсіби жолының басталуы жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ даласындағы мәдени төңкеріспен тұспа-тұс келді. Түптеп келгенде, Күләш Байсейітованың өмірбаяны – Қазақстан тарихының жаңа дәуірінде ғұмыр кешкен әйелдің тарихы.
Өз заманының озық әртісі Күләш Байсейітованың ғұмыры 45 жасында кенеттен үзілді. Өмірден ерте кеткендіктен, ол туралы деректер көп емес, көзі тірісінде естелік жазып, жариялауға да үлгермеді.
Зерттеуші Айнаш Керней «Бұғауды бұзған қазақ даласы» кітабында өткен ғасырда көптеген әдебиеттің, соның ішінде қоғам қайраткерлерінің өмірбаяндарының сақталуына қуғын-сүргін мен отаршылдық саясат тұсау болды деп жазады. Осы себептен болар, Күләш Байсейітованың өмірі мен шығармашылығы туралы бізге жеткен дерек көп емес. Алайда Күләштің қыздары – Қарлығаш пен Раушан Байсейітовалардың анасы туралы есінде қалған естеліктер баршылық.
Бұл эпизодты дайындау үшін біз екі дереккөз тобымен жұмыс істедік. Оның біріншісі, атап өткеніміздей, әншінің отбасы, балалық шағы және өмірден өтуі туралы естеліктерді есінде ардақтап сақтаған қыздары Қарлығаш пен Раушан еді. Олардың отандық арналарға берген сұхбаттары Күләш туралы бірден-бір түпнұсқа деректер.
Екінші дереккөз – өмірбаяншылар, дегенмен олар да халық әртісінің өмірі туралы естеліктер жоқтың қасы дейді. Бүгінде қолымызда бар деректердің қатарында 2012 жылы әртістің туғанына жүз жылдығына орай профессор әрі мәдениеттанушы Ақлима Омарова жинаған жекелеген мақалалар мен жазбалар, сондай-ақ жазушы Сара Латиеваның Күләш Байсейітоваға арнаған «Бұлбұл» эсселер жинағы бар. Кітап Латиеваның өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Күләштің замандастарымен, әріптес-дос-жарандарымен жүргізген жеке әңгіме-сырларынан тұрады.
Сонымен, Күләш Байсейітова – музыкалық театр сахнасында қазақ және шетелдік туындылардағы жетекші партиялардың тұңғыш орындаушысы. Қазір бұл театр Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры деп аталады, десе де алматылықтардың басым көбінің жадында ГАТОБ болып қала берді.
Күләш табиғатында әйел адамға тән ең жоғары дауыс – лирикалық-колоратуралық сопрано дауысына ие еді. Ал 24 жасында ол КСРО халық әртісі беделді атағын алды. Күләштің өміріндегі бұл деректерден көпшілік хабардар, бірақ оның интернаттағы өмірі, қызының өлімі, үстінен домалаған арыздар, жолдасының сатқындығы, сезімін сарқыған жұмыс жылдарынан тұратын ауыр тағдырының бір парасы айтылмай қала берді.