Роза Бағланова
Подкастты барлық платформаларда тыңдаңыз
Роза Бағланова деген кім және неліктен біз ол кісі туралы сөз қозғап отырмыз?
Роза Бағланова кеңес дәуірінде де, тәуелсіздік жылдары да Қазақстан эстрада өнеріндегі елеулі тұлғалардың бірі болды. Роза Тәжібайқызының өнердегі жолы жетпіс жылдай уақытқа созылды. Бұл кезеңде қазақ даласындағы ашаршылық, соғыс, жер реформалары, Желтоқсан сияқты XX ғасырдың маңызды әрі қайғылы оқиғалары болғаны белгілі. Осынау күйзеліске толы сәттерге қарамастан Роза Бағланова өмірге деген құштарлығын жоғалтпады. Ол ел есінде ең даңқты әрі тыңдарманның шексіз махаббатына бөленген артистердің бірі болып қалады.
Балалық шағы, отбасы, жақындарынан айырылуы және қиын-қыстау жылдары
Роза Бағланова 1922 жылы 1 қаңтарда Қызылорда облысының Қазалы аулында дүниеге келді. Азан шақырып қойған есімі — Үрбибі. Үрбибінің қалай Роза атанып кеткені туралы деректер жоқ. Мәселе Розаның интернационалдық есім екенінде жатқан шығар.
Ол үлкен отбасында өсті, ата-анасынан бөлек әжесі және әкесінің бәйбішесімен бірге тұрды.

Розаның әжесі — Күндей — бай отбасынан шыққан. Оның ұлы Тәжібай, Розаның әкесі, 1917 жылғы революциядан кейін барлаушы боп қызмет еткен.

Тәжібайдың екі әйелі болған: бәйбішесі — Мәриям, тоқалы — Ақкүріш, Розаның анасы. Роза Тәжібайдың аман туған алғашқы сәбиі еді, бірақ көп ұзамай Мәриям да құрсақ көтеріп, Ыдырыс есімді ұл бала дүниеге келеді. Роза Мәрияммен өте жақсы тіл табыса білген, тіпті туған анасына да соншалық жақын болмаған екен («Айналайын халқымнан еркелеткен» атты ғұмырнамасынан, Атамұра, 2007, 30-бет). Ол екеуін еркелетіп «шешелерім» деп атайтын.

Розаның отбасы әнді сүйіп орындайтын: әжесі Күндей немересіне «Жайдарман», «Қараторғай», «Айнамкөз», «Екі жирен» сынды халық әндерін айтып берсе, әкесі қызымен бірге «Ахау, керімді» шырқағанды жақсы көретін. Аналары Мәриям мен Ақкүріш те ән салып, сырнай тартқан.

Тәжібай қызметтік тапсырманы орындауға кетіп, үйге қайтып оралмаған кезде отбасының басына қара бұлт үйрілді. Ресми нұсқаға сәйкес, ол із-түзсіз жоғалып кеткен. Өз естеліктерінде Роза әкесі Ташкентте қайтыс болған деген болжам бар дейді.
Әкесі жоғалып кеткен кезде ол он бір жаста еді. Бұл оқиға Сталин мен Голощекиннің саясаты кесірінен 30-шы жылдары ен даланы аштық жайлаған кезде болды. Аштан өлмес үшін әжесі Күндей өз жасауымен бірге келген бағалы бұйымдарын тамаққа айырбастап отырған.

Роза 8–9 сыныпты Қызылорда облысындағы Үлкен Қазалы деген аудан орталығында оқыған. Мектеп үйден үш километр қашықтықта орналасқан еді, бірақ көлік болмаған соң балалар оған жаяу қатынайтын. «Нағыз колобоксың қыста», — сол кезді Роза осылай сипаттайды, яғни жолда үсіп қалмау үшін қабат-қабат киім кию керек еді. 1939 жылы, оныншы сыныпты бітірген соң, Роза Қызылордадағы пединститутқа оқуға түседі. Ал 1941 жылы інісі Ыдырыс соғысқа аттанады. Ол майданнан тек бір рет хат жібереді, кейін оның із-түзсіз жоғалғаны белгілі болыпты. Осылай Роза әжесі мен екі анасына қарайлап, отбасын өз қамқорлығына алады. Үшінші курстан кейін ақшасы болмай пединституттағы оқуын тастауға мәжбүр болды.

Көп ұзамай отбасы алыс туыстары тұратын Ташкентке көшіп кетеді. Роза Тоқыма институтына, қазіргі Ташкент тоқыма және жеңіл өнеркәсіп институтына оқуға түсіп, сол жерде жатақханада тегін тұрып, тегін тамақтанып, тоқымашы болып жұмыс істейді.
Тағдырдың жазғаны осы болса керек, оның шығармашылық жолы Ташкентте басталады. Бірде Роза қатты дауыстап әндетіп, аула сыпырып жүреді. Оның даусын жақын маңда өтіп бара жатқан опера әншісі Мухиддин Кари Якубов — Өзбек музыка театрының негізін салушылардың бірі, әрі аңызға айналған өзбек бишісі Тамара Ханумның күйеуі, естіп қалады. Якубов Розаны тыңдап көру үшін филармонияға шақырып, кейін Самарқандағы Өзбек филармониясының әйелдер ансамблі қатарына қосыл деп ұсыныс тастайды. Осылайша әншінің жолы ашылды.

Кеңес бишісі әрі Өзбек филармониясының басшысы Гавхар Рахимова Розаның Өзбекстандағы тәлімгерлерінің бірі болды, әнші ол кісіні әрдайым ерекше махаббатпен еске алады. Музыкадағы алғашқы қадамдарын қолдаған сол жылдардағы Өзбекстан Компартиясының бірінші хатшысы — Осман Юсуповты Роза өзінің қамқоршыларының бірі дейді. Юсупов Розаны филармониядағы концерттердің бірінде байқап қалып, дарынына таңданғаны сонша, жас артистің Мәскеуде білім алуына мұрындық болып, Ташкенттен бес бөлмелі пәтер сыйлап, қаржылай көмектеседі («Айналайын халқымнан еркелеткен», 22-бет).
Соғыс
Филармонияда жүргенде Роза оқуын Чайковский атындағы Консерваторияда жалғастыру үшін Мәскеуге жолдама алады. Бірақ соғыстың кесірінен жоспары өзгеріп, Роза басқа артистермен бірге Мәскеудің орнына майданға аттанады. 1941 жылы 17 тамызда олар бірден вокзалда алғашқы концертін береді. Роза өз ғұмырнамасында бала кезінде әжесі Күндейдің арқасында жаттап алған халық әндері «Айнамкөз» бен «Қараторғайды» сарбаздарға шырқап бергенін есіне алады. Майдан сапарлары кезінде артистер жиі өнер көрсететін, тіпті концерт тәулігіне он екі сағатқа дейін созылған кездер де болған. 1943 жылы Роза өнер көрсетіп жатқанда көзіне снарядтың жарықшағы тиіп кеткен. Бұл оқиғаның өзі ол заманның барлық қиындығын жеткізеді. Әншінің көз жанарын көптеген отаның көмегімен сақтап қалды, бірақ алған жарақаты әлі-ақ сыздайтын болады.
Соғыстан кейінгі жылдар
Соғыстан кейін Роза Алматыға оралады. Бұл кезең оның шығармашылық шыңының бастауы еді. 1946 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық эстрада конкурсында жеңіске жетіп, Розаның талантын көпшілік мойындайды. Ол кейінгі екі жылда Абай атындағы опера және балет театрында қызмет етіп, содан соң өмірінің жиырма жылын арнаған Жамбыл атындағы филармонияда жұмыс істей бастайды. Розаның шығармашылық мансабындағы 40-шы жылдардағы басқа да жарқын сәттердің бірі ретінде 1949 жылы «Юность мира» деп аталатын кеңес-венгр деректі фильміне түскенін айтуға болады.

Жалпы 1949 жыл ол үшін ерекше жыл еді. Роза әлемнің 80 елінен келген артистер қатысқан Будапештегі үлкен жастар фестивалінде өнер көрсетті.

Онда Роза Бағланова өзінің айрықша белгісіне айналған танымал «Самара-городок» әнін орындайды. Алғашында бұл әнді атақты орыс әншісі Лидия Русланова шырқаған, тіпті майдандағы концерттерде де әндеткен. Солардың бірінде Роза осы әнді естіп қалады. Әнді ұнатып, Роза оны өз репертуарына қосады. «Самара-городок» әнін майдандағы концерт бригадаларының басқа артистері де шырқайтын, бірақ Роза Бағланова ғана ол әнді нағыз аңызға айналдырды.

Әншінің Будапештегі өнер көрсетуіне қайтып оралайық. Бұл сапары туралы ол былай дейді: «Мен әдеттегідей фестивальдің шымылдығын жаптым. Майя Плисецкая Сен-Санстің өліп бара жатқан аққудың биін биледі. Мен үшін Будапешт бағымды ашқан бойтұмарға тең». Айтқандай-ақ, Будапештен кейін Роза Бағланованың бүкілодақтық атағы ғана артып қоймай, сонымен қатар ол халықаралық деңгейде де таныла бастады. Әнші дүниежүзілік гастрольге шықты. Мысалы, 1957 жылы Роза 12 елді аралап, тіпті Ұлыбританияда Елизавета патшайымның алдында ән шырқады.

Өмір жолында Бағланова 54 елге гастрольдік сапарға барды. Коко Шанель, Индира Ганди, Джавахарлал Неру сияқты беделді адамдармен кездесті.

Розаның өнер көрсетудегі ерекшелігінің бірі — өзінің танымал әндерін концерт қоюға келген елдің тілінде шырқайтыны. Осылайша ол тек кеңес республикаларының ұлттық тілінде ән салып қоймай, швед, неміс, жапон тілі секілді басқа тілдерде де орындайтын.

Тағдырдың талқысын көріп, жақындарын ерте жоқтап қалған аналары Ақкүріш пен Мәриямның басына түскен ауыртпалықтың жүгін жеңілдету үшін Роза барынша олардың жағдайын жасап беруге тырысты. Ол Алматыға көшіп келген соң төрт бөлмелі пәтер сатып алады да, бір бөлмесін Ақкүріш пен Мәриямға арнап дайындайды. Оларға арнап өкілдік модельдегі ЗИМ машинасын сатып алып, аналарына жүргізушіні де жалдайды.

1955 жылы Роза Қазақ ССР-ның халық артисі атағын алып, 1959 жылы ол кездегі айтулы Ленин орденін еншілейді.

Еңбегінің жемісін көре бастаған кезде отбасында үлкен қайғы орын аладыі. 1952 жылы 72 жасында анасы Мәриям бақилық болады. Роза ол кісімен қоштасуға үлгермей қалғанына қатты өкінетін.
Жеке өмірі: некелері мен ұлының дүниеге келуі
Розаның аналары көзі тірісінде қызын ұзатуды армандайтын. Бағланованың бірінші күйеуі — 17 жасында соғысқа кетіп, Кеңес Одағының Батыры медалін алып келген Садық Әбдіжаппаров. Олар 1945 жылы отау құрды. Кейін Роза Садыққа ММУ-дың заң факультетіне түсуге көмектеседі. Роза да, Садық та жиі жол-сапарларға шығып, бір-бірін аз көретін. Бұл олардың арақатынасына сызат түсірді — жеті жылдан соң некелері бұзылды.

Роза бұған өз шығармашылығы себеп болды деп санайтын, өйткені гастрольдетіп жүретін артистің отбасында бақытты болуы екіталай.

Розаның екінші күйеуі — заң ғылымдарының кандидаты, криминолог Сатыбалды Жадбаев. Олар 11 жылдай бірге болды. Әнші өз ғұмырнамасында ер адам әйелдің атақ даңқы бар екеніне төзе алмайды, сондықтан Сатыбалды екеуі ажырасып кеткенін жазады. Дегенмен Роза жалғыз болған емес, оны сүйген көптеген жанкүйері бар еді. Ол өзі де солай дейді: «Жалғыз қалып көрген емеспін»; «Маған ғашық жандардың сезімі көңілімді жасартатын».
Роза мен Сатыбалдының жалғыз ұлы — Тәжен Бағланов — әнші 47 жаста болғанда дүниеге келген. Анасы оны барлық гастролінде бірге алып жүргеніне қарамастан, ол музыка мен шығармашылықтан гөрі заң саласын таңдап, әкесінің жолын қудыі.
Қазақконцерт: 60-шы жылдар және мансабының әрі қарай дамуы
Екінші некесінің алғашқы жылдарында Розаның өнер жолында жаңа әрі маңызды кезеңі басталды: ол Қазақ мемлекеттік концерт бірлестігі «Қазақконцерттің» бас артисі атанды. Бірақ еңбек жолындағы жетістігі жақын жанның өлімімен қайтадан қатар келеді: 1965 жылы Розаның туған анасы Ақкүріш өмірден өтті.
Дегенмен Роза маңдай терін төгіп еңбек етуден талмады. Оның өнер көрсетуі арқасында Қазақконцерт жоспарға сай концерт беріп, тұрақты табыс алып тұрды. Ол концерттерден түскен пайданы өз қалтасына басса, әлемдегі ең бай артист атанушы еді дейтін әріптестері. Ең бай артист болмаса да, оның бай әйел болғаны сөзсіз. Мәселен, Ол кезде Париждегі Шанель сән үйінің костюмдерін сатып алуға Розаның шамасы жететін.

Қазақконцертке келген кезде әнші нағыз жұлдыз еді: жиырма жылдан астам шығармашылық тәжірибесі, өнеріне деген үлкен сұраныс пен көпшіліктің құрметін айтып жеткізу мүмкін емес. Оның беделді болғаны сонша, Роза Дінмұхамед Қонаевтан Қазақконцерт үшін жаңа ғимарат сұрап, келісімін алады («Айналайын халқымнан еркелеткен», 62-бет, Д. Қонаев жайлы естеліктерден).

Розаның осынау жетістігі дара таланты мен сырт келбетінің сұлулығының ғана арқасында келген жоқ, бірінші кезекте әншінің өзіндік тәртібі бар еді. Концерт қойғанда Бағланова 20-ға жуық түрлі ән шырқап, репертуарын жаңартып тұруға тырысатын. Әнші сахнаға шығар алдында бес сағат бұрын дәм татпайтын, денесін тік ұстап, хадық алдында ән шырқағанда да, түсірілімдерде де бірдей жауапкершілікпен өнер көрсететін. Роза: «Экран ештеңені ұмытпайды» деген. Ол сахналық костюмдеріне ерекше қарап, бәрін өз дизайны бойынша тіктіретін.
Әлеуметтік, қоғамдық-саяси контекст және артистердің рөлі туралы
Атақ-даңқы, әлемдік гастрольдерінен басқа Роза Бағланова ұзақ ғұмыр жолында әлеуметтік маңызды оқиғаларды да бастан өткерді: ашаршылық пен соғыстан бастап, Желтоқсан оқиғалары мен тәуелсіз Қазақстанның куәсі болды. Ол өзінің ғұмырнамасын мұра етіп қалдырып кеткен көптеген замандасы секілді өз естеліктерінде қазақтар көрген қайғылы күндерді барынша таңдап-талдап қарастырып, барынша мұқият сөз етеді.
50-шы жылдары, Қазақстанның оңтүстігіндегі бірнеше ауыл Өзбекстанның еншісіне өткенде, Дінмұхамед Қонаев ауыл тұрғындарының «рухын көтеру үшін» Бағлановадан концерт қоюын өтінген.

Ал кейін Роза Моңғол халық революциялық партиясының бас хатшысы Юмжагийн Цеденбалдың шақыртуы бойынша Моңғолияның 43 жылдығына арналған концертке жол тартады. Баян Өлгий аймағындағы қазақтардың алдында өнер көрсетеді. Роза ол кездегі билік басындағы ықпалды саясаткерлер — Юсупов, Қонаев, Хрущев, Брежневпен қарым-қатынасы туралы ашық жазған. Ол өз ғұмырнамасында Нұрсұлтан Назарбаев туралы көп сөз қозғап, оны «Ақ патша» деп атаған. Осы және биліктегілерге адалдығы үшін әнші жиі сын астында қалатын.
Оның дәуіріндегі әйелдер өз орнын жоғалтып алмау үшін әр қадамын абайлап басатын еді. Атақ пен абыройына қарамастан олар өткір саяси тақырыптар туралы өте сирек пікір айтатын. Мысалы, «Айналайын халқымнан еркелеткен» атты естеліктерінде Роза Желтоқсан оқиғасын тез шолып өтеді. Ол артистер наразы жастар алдына шығып, сөз сөйлеуі керек екеніне тоқталып, халық алдына бармаған мәдениет қайраткерлерін атап көрсетеді.
Розаның саясатқа араласқан сирек сәттерінің бірі ретінде 1988 жылы Арал трагедиясы туралы айтқан атақты сөзін айта кету керек. Ол мінберде тұрып, Орта Азиядағы экологиялық апаттың себепкері атанған Арал теңізінің тартылуына әкеп соққан кеңес ғалымдарының іс-әрекетін сынап тастады. Оның сол кездегі тезистерінің бірін еуропацентризмнің сыны ретінде қабылдауға болады: әншінің сөзінше, егер мұндай оқиға Батыста болса, әлем баяғыда дүр сілкінетін еді.
Дерті мен өмірінің соңғы жылдары: көзі тірісінде ол туралы жарық көрген дүниелер
Тәуелсіз Қазақстанда да Роза Бағланова өнерін белсенді түрде жалғастырып, концерт беріп жүрді. 1992 жылы ол жетпіс жасқа толды. Әнші өмірге тәубе деп, ғұмыр жолында ештеңеге өкінбегенін айтады — әсіресе, сахнада өткізген ұзақ жылдары үшін алғысы шексіз дейтін.

Өмірінің соңғы жылдары Роза Бағланованың көз жанары сыр бере бастайды. Снарядтан алған жарақаты да, егде жасы да әсер етпей қоймады. Дегенмен ол соңғы демі шыққанша сахнаға ұмтылумен болды. Қазақконцерттің 50 жылдық мерейтойы кезінде әріптестері әншіден бата сұрайды. Бұл оның соңғы жылдары еді. Әріптестері әншінің қамын ойлап, сахнаға шақырмайтын, бірақ Роза көзіне шұғыл ота жасау керек кезде де ән айтқысы келетін. Ол алған бетінен таймай, ойлаған жоспарларын жүзеге асыруды көздейтін. Роза Бағланова 2011 жылы 89 жасында инфаркттан көз жұмды.
Естелік
Роза Бағланова өзінің халық жадындағы бейнесі мен тарихта із қалдырам дегенді айрықша қолға алған болатын. 2006 жылы Алматыда «Ах, Самара-городок» атты деректі кинофильмнің тұсаукесері өтті, ал бір жылдан кейін «Атамұра» баспасы осы эпизодтың негізіне айналған «Айналайын халқымнан еркелеткен» деп аталатын әншінің өмірбаяндық кітабын басып шығарды.
Роза туралы естеліктер оның әндері мен сахнада өнер көрсеткен сәттерінде, мұражайларда, жеке заттарында сақталатыны анық. 2021 жылы Роза Бағланова ғұмырының көп жылын арнаған Қазақконцертке әншінің есімі берілді.

Ал былтыр әншінің 100 жылдық мерейтойы дүркіреп өтті: соғыстан кейінгі жылдары еңбек еткен Жамбыл атындағы филармонияның алдында Розаның ескерткіші ашылды. Алматы мен Астана мұражайларда көрмелер ұйымдастырылып, «Қазақювелир» әншінің Үндістанда сыйға алған танымал сырғасының көшірмесін шығарды. Отбасының айтуынша, әнші бұл сырғаны қатты жақсы көрген: фотосессия мен маңызды шараларға барғанда үнемі құлағынан тастамайды екен.
Роза Бағланова — заманауи Қазақстанның тарихындағы ең даңқты артист әйелдердің бірі. Ол басына түскен ауыртпалыққа қарамастан жоғары мәртебеге жетіп, әлемнің түкпір-түкпіріндегі тыңдармандарын өз талантымен тәнті етті.