5d1c3ad425ecc.jpg

Батырхан Шүкеновтың әндер жинағының сыйлық басылымы

2019 жылы біздің қорымыз Болат Өтемұратов қорының қолдауымен Батырдың альбомдар жинағын шығарды. Оған Батырдың әндері жазылған тоғыз дискі мен екі концерті кірді. Біз осы басылымның арқасында сүйікті әншіміздің 15 жыл ішінде жүріп өткен өнер жолымен, адами мінез-құлқымен, шеберлігін шыңдау мақсатында өз Отанында, шет елдерде тың идеялар іздеу тәжірибесімен, шығармашылық кемелдікке жету кезеңімен жақынырақ танысып, біле аламыз. 

«Отан Ана», «Аманат», «Твои шаги», «Осторожно, милая девушка!», «Все пройдет», «Душа» – міне, бұл тыңдармандарының жүрегіне терең бойлаған әндерінің бірқатары ғана. Әндер топтамасына, осы композициялармен бірге, Батыр ресейлік композитор Павел Есенинмен бірлесіп жазған «Нас исцеляет любовь» және «Осень» альбомдары да енгізілді. Батыр өмірінің соңғы жылы Мәскеудегі жеке студиясында осы альбомдарды жазумен айналысқан болатын бірақ, өкінішке орай, аяқтап үлгере алмай кетті.

Батырдың шығармашылығы қаншалықты әдемі болса, оның құрметіне шығарылған сыйлық басылымда да әдемі символдар соншалықты көп. Мысалы, бұл басылымға әншінің бірнеше жылдар бойғы толғанысынан туған «Best» альбомы енгізілді. Альбом әншінің жеке шығармашылығының әр кезеңін суреттейді: әнші оны арнайы іріктеп алған композициялар арқылы көрсеткен, тіпті олардың саны да кездейсоқ емес – 17-дегі екі санды бір-біріне қосқанда алынатын сан шексіздікті білдіреді. 

Сыйлық басылымның дизайнын Мәскеудегі Артемий Лебедевтің студиясы әзірледі. Диджипакқа он бір алтын диск пен музыканттың шығармашалығының дәл метафорасы болып табылатын ұшып бара жатқан құс бейнесі салынған. Қаптамасы да стандартты қаптама емес – ол тік бұрышты және ұзынша. Бұл барлық материалдарды бір басылымға салуға мүмкіндік береді және диджипакты дүкен сөрелерінде ерекшелендіріп тұрады. Батырдың жеке және жұмыс архивтерінен алынған суреттерінен жасалған коллаж – бұл әншінің тыңдармандарына сыйлық тарту.

Сыйлық басылым құрамына кіретін жаңа альбомдарды «Меломан» дүкендер желісінен және «Яндекс.Музыка» және Apple Music қондырмаларынан табуға болады.