2-эпизод. Қазақ музыка тарихындағы үш есім: танымал әндердің композиторлары – Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Сейдолла Бәйтереков
Дәрісті оқыған – Бексұлтан Бағытжан
Бұл эпизодты дайындау үшін біз ән өңдеуші әрі музыкант Илья Башкатовпен, композиторлар Санжар Бәйтереков және Артық Тоқсанбаевпен әңгімелестік. Олар поп-музыканың діңгегіне айналған қазақ эстрадасындағы үш маңызды тұлғаның мұрасы хақында өздерінің кәсіби көзқарастарын ортаға салды.
ХХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда танымал әндерді шығарған тамаша дарынды композиторлар өмір сүріп, өнерін дамытты. Олардың бәрі Қазақстанда музыка ортасының қалыптасуына айтарлықтай үлес қосты. Бүгін біз ондаған жыл өтсе де, музыкалық мұрасы өмір сүріп, өркендеп жатқан үш композитор туралы сөз қозғаймыз.
Бірақ композиторлар туралы сөз бастамастан бұрын кеңес мәдениет өмірінің айнымас құбылысы – эстрада және эстрадалық жанрға тоқталайық.
«Эстрада» дегенде көз алдымызға жарқ-жұрқ еткен жарығы, құлақ тұндырар дыбыс жабдығы бар үлкен сахна елестейді, әрине солай болуы заңдылық. Эстрада – ХХ ғасырда пайда болған қала мәдениетінің ән жанрлары негізінде қалыптасқан ұғым. Эстрада терминінің мағынасы мейлінше бұлдыр болғанын мойындау керек. Оған бір ғана критерийге сай келетін, яғни бұқаралық ойын-сауыққа арналғанның бәрі – рок, поп, джаз және басқа да жанрлар кірді. Эстрадалық әннің негізгі сипаттамасы –қарапайымдылық пен қолжетімділік, көпшілікке мейлінше жақын образдар, тақырыптың өзектілігі, қарапайым қайырма, кең аудиторияға лайықталу еді. Байыпты және жеңіл жанрлардың поляризациясына қарамастан, эстрадалық музыкада да шедевр туындылар пайда болды. Ал бұл эпизодтың кейіпкерлерінің шығармашылығында мәңгі өлмейтін (evergreen) туындылар жетерлік.
Бұл эпизодта біз композиторлар – Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов және Сейдолла Бәйтереков туралы әңгімелейміз. Олар әртүрлі, бірақ сөзсіз талантты әрі шоқтығы биік тұлғалар еді, әрқайсысы қазақ мәдениеті тарихында өшпес із қалдырды. Үшеуін бір қатарға қойып теңестіруге келмейді, үшеуі де ең демократиялық жанрдың бірі – ән жанрында қалам тербеген, үшеуін тек халықтың шексіз махаббаты мен көзі тірісінде қол жеткізген даңқы ғана емес, музыка жазудағы көрегендігі де біріктіреді.
Таланатты әрі танымал қазақ композиторлары арасында Шәмші Қалдаяқовтың тұлғасы ерек. Әрине, оған дейін де лирикалық ән жазған Садық Кәрімбаев немесе Әблахат Еспаев сынды композиторлар болған, бірақ шығармашылығы терең бойлап, әндері тыңдарманның ыстық ықыласына бөленген ең әуелі Шәмші Қалдаяқов еді.
Шәмші Қалдаяқов музыкаға құштар отбасында дүниеге келді: әкесі Әнәпия Домбаев ақын болған, қобызда, домбырада ойнаған, ал анасы Сақыпжамал Домбаеваның дауысы әдемі болған, ол қазақтың көптеген халық әнін білетін, ән салып, домбыраның құлағында ойнайтын. Ата-анасы ұлдарының музыкаға деген ұмтылысын қолдап, оның өтінішін жерге тастамай, Әнәпия баласына мандолин алып береді.
Қалдаяқовтың кәсіби музыкаға барар жолы оңай болған жоқ. Сұрапыл соғыс жылдарында жасөспірім Шәмші жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істеді, кейін зоотехниктің оқуына түсіп, артынша әскерге кетеді. Мәскеу түбінде әскери борышын өтеп жүріп, Шәмші Қалдаяқов өмірін түбегейлі музыкамен байланыстыруды ұйғарады.
Ресейден келген бойда Ташкентте тұратын апасының үйіне қоныс аударып, алғашқы музыкалық білімін сол жақта алады. Қалдаяқов Хамза атындағы музыкалық училищенің музыкалық теория және композиция факультетіне Соломон Юдаков пен Аркадий Каральскийдің сыныбына түседі. Ташкентте Қалдаяқов Өзбекстанға гастрөлдік сапармен келген Алматы филармониясының солисі Жамал Омаровамен танысады, ол болашағынан үміт күттіретін композиторды Алматыға шақырады. 1956 жылы «Менің Қазақстаным» атты патриоттық ән жазған танымал композитор Алматыдағы консерваторияға түседі, бірақ оқуын аяқтамайды, басқа жағдайларға байланысты отбасымен Шымкентке көшеді. Бұл алпысыншы жылдар дәуір табалдырығын аттаған кез еді.
Жалпы, Шәмші Қалдаяқовтың аты қалыптасып қалған ойлармен қатар аталады. Солардың бірі «қазақ вальсінің королі». Неге қазақ вальсінің деген заңды сауал туындайтыны анық. Негізі "Қазақ вальсі" терминін композитор Латиф Хамиди "Қазақ вальсі" деп аталатын туындысын жазып, қолданысқа енгізгені белгілі.
Шәмші Қалдаяқовтың көп әні үш үлесті өлшемде, яғни вальс өлшемінде жазылған. Вена вальсі де дәл солай. Ал Шәмші Қалдаяқовтың әні былай естіледі. Бір шетінен, үш үлесті өлшем сол кезде кеңес эстрадасында мейлінше танымал болды, басқа да қазақ композиторлары осы өлшемде жазған. Мәселен, Бекен Жамақаевтың «Махаббат вальсі» әнінің үзіндісін тыңдайық.
Шәмші Қалдаяқовтың аз айтылғанымен, сөзсіз назар аударуға тұрарлық тағы бір атағы – дастархан басында шырқалатын әндердің королі. Қазір бұл оғаш естілуі мүмкін, тіпті жөнсіздік, құнсыздандыру болып көрінуі де ықтимал. Себебі дастархан басында ән шырқау тәжірибе ретінде біздің өмірімізден жоғалды, кейінгі онжылдықтарда музыкамен байланыс тәсілінің өзгергені белгілі. Ал бұрын, әжелеріміздің, тіпті аналарымыздың жас кезінде әннің танымалдығы оның күнделікті өмірде қаншалықты жиі айтылатынына байланысты еді. Ең алдымен сол жылдары Қазақстанда Шәмші Қалдаяқовтың әндері айтылатын, кейін Әсет Бейсеуов пен Ескендір Хасанғалиевтің әндері көпке таныла бастады.
Алпысыншы жылдары магнитофон қарапайым кеңестік отбасы үшін құнды дүние еді. Есесіне сол жылдары әр отбасында таңсәріден түн ортасына дейін жұмыс істейтін радио болды. Жұлдыз болу үшін радио эфирінде бірнеше рет ән шырқаудың өзі жетіп жатты, себебі контент анау айтқандай көп болған жоқ, арналар мен радиостанциялар да аз. Редакцияға жазылған хаттарда тыңдарман жүрегінен орын тапқан әртістердің әндерін жиі қою сұралды. Осылайша, әртістер халық арасында кең танылып, тез әйгілі болды.
Ал, Шәмші Қалдаяқовтың әндерінің қалай халық арасында кең таралатынына таң қалмау мүмкін емес. Ол тыңдарманның жүрегіне жол таба білетін. Ал мұнда, сөзсіз, бірге жұмыс істеген ақындармен керемет синергиясы маңызды рөл ойнады, себебі ән – музыка мен сөз синтезінің нәтижесі. Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Шаханов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза-Әлі сынды Қазақстанның белді ақындары Шәмші Қалдаяқовпен жұмыс істеген. Бір жағынан, олардың өлеңдері әдемі болса, екінші жағынан, адам жанының пернесін дөп басатын. Цензураның үлкен сүзгісінен өтіп, насихат құралының бірі болған қарапайым, қала берді ресми кеңес эстрадасының ауанында адамдар осы әндерді тыңдап, жаттап, жандарына жақын әлдене тапты. Ал Оңтүстік Қазақстанның тумасы Шәмші төл өңірінің болмысына тән қонақжайлық пен жан дүниесінің кеңдігін таныта білді. Оның әндері той-томалақ, мерекелік кеш мәдениетіне сіңіп, үйлесім тауып, бір сәтте оның айнымас бір бөлшегіне айналды. Алматы да Шәмшінің ықпалынан қалыс қалмады, мұнда Шәмші Қалдаяқовтың әндері бірден танымал болды. Әрі көп әні де осында жазылды.
Шәмші Қалдаяқов – шынында тума талант, таңдай қақтырарлық дарынды композитор. Ол әндерді қалай жазамын деп ойға батпаса керек. Ол жай ғана ән жазды. Ал Қалдаяқовтың шығармашылығында әлі де ашылмаған белестердің бар екені сөзсіз, себебі оның әлі жарияланбаған, ешкім орындамаған әндері бар.
Қазақстанның әр қаласында жыл сайын Шәмші Қалдаяқовты еске алу кештері өтіп, зал толы тыңдарман жинайды. Бұл – ондаған жылдар сағымдай зулап өтсе де, оның музыкасының сұранысқа ие екендігінің дәлелі. Дегенмен, бүгінде Шәмші Қалдаяқовтың есімінің мықты музыкалық брендке айналуында замандасымыз Қалдыбек Құрманәлінің сіңірген еңбегі зор. Ол 1992 жылдан бері «Шәмші әндері» шығармашылық кешін өткізіп, композитордың құрметіне «Ән аға» немесе «Шәмшімен сырласу» атты ән арнап, онда Шәмшінің бір әнінің әуенін келтіреді.
Қазақтың тағы бір белгілі композиторы Әсет Бейсеуовтің тағдыры басқаша сипат алды.
Әсет Бейсеуов 1938 жылы Алматы маңындағы Қарғалы ауылында дүниеге келген. Соғыс басталғанда әкесі Көпбай майданға аттанып, сонда қаза табады. Анасы Рахима Әсетті Көпбайдың інісі Қожамқұлдың тәрбиесіне қалдырып, Павлодардағы төркініне кетеді. Алғашында ол Қарғалыдағы мектепте оқып, есейген соң Алматы интернатына ауысады. Ол жерде мұғалім Ибрагим Нүсіпбаевпен танысады, ол Әсеттің бойындағы әншілік қабілетін байқап, хор үйірмесіне жазылуға кеңес береді. Өзінің «Алмалы Алматым» атты алғашқы әнін ол 9 сыныпта жазған, осылайша Әсет Бейсеуовтің композиторлық жолы басталады.
Әсет Бейсеуовтің шығармашылығында жарқын композиторлық шешімдер көп. Илья Башкатовтың айтуынша, Әсеттің әндеріне тән бір ерекше қасиет – оның әуендері кез келген стильге үйлесім тауып кетеді. Мысал ретінде ол босанова, твист, джаз-рок стилінде шырқалған «Мұңайма» әнін келтіреді. Кез келген өңдеуде бұл ән табиғи әрі әдемі естіледі.
«Армандастар» әнін әскери оркестр марш ретінде орындаса, Мақпал Жүнісова диско мәнерінде шырқады. Әсет Бейсеуов тез есте қалатын әрі музыкалық талғамы әр түрлі деңгейдегі адамдардың құлағына қонатын секвенцияларды жиі қолданған. Ол зейін қойып тыңдауға тұрарлық тамаша әндердің композиторы еді. Айтпақшы, «Гүлдер» вокалды-аспаптық ансамблі оның осы аттас лирикалық әнінің құрметіне аталған.
Қазақтың кең популяр әндерінің дастархан басында шырқалатын кезеңі жетпісінші жылдардың екінші жартысында мәресіне жете бастады. Сейдолла Бәйтереков, Кеңес Дүйсекеев сынды композиторлар дастархан басында айтуға келмейтін, оны орындау үшін ең болмағанда қарапайым дауыс дағдыларын қажет ететін интонациялық күрделі әндер жазды. Соған қарамастан, олар 70-ші және 80-ші жылдардағы ең танымал әндердің композиторы болып қалды. Олардың ізбасарлары, консерваториянының түлектері бұл композиторлардың музыкасын «фирма» деп атаған, бұл композиторлар тілінде жоғары деңгейді білдіреді.
Сейдолла Бәйтерековті көбі ең алдымен тамаша адам еді деп еске алады. Өне бойының айрықша нәзіктігі мен биязылығы оны расында басқа мәдениет қайраткерлерінен даралап тұрады. Ол Қазақстанның оңтүстігінде, үлкен әулетте дүниеге келген. Оның нағашы атасы дәулескер күйші болған, ауылдағы жақын-жұрағаттың бәрі оның күйін тыңдауға жиналады екен. Балаларының ішінде дәл осы музыкалық талант Сейдоллаға беріледі. Мектепте ол баянда ойнап, ән айтқан, бірақ ән жазбаған.
Шымкенттегі музыкалық колледжге түскенге дейін біраз уақыт Мәскеу теміржол институтында оқып, Қазақстанға оралып, әскери борышын өтейді. Ал кәсіби музыкаға Сейдолла кемел шағында келеді. Колледжді бітіргеннен кейін Алматыдағы Консерваторияға хор дирижері мамандығына оқуға келіп, Базарғали Жаманбаевтан тәлім алады. Бұл оқиға Сейдолла Бәйтерековтің шығармашылық жолындағы шешуші сәт еді.
КСРО-да музыкалық инфрақұрылым қалыптасты, композиторлар мен орындаушылардың ротацияға түсуге, өнерін радио арқылы тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл Кеңес Одағына танытуға мүмкіндігі болды. Десе де Бүкілодақтық байқауларда славян емес композиторлар үшін көрінбейтін шектеулер бар еді: олар жоғары жүлделерге қол жеткізе алмайтын, ал әндері топ жарып, бірінші орын алған емес.
Роза Рымбаеваның орындауындағы Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әні осы айтылмайтын заңдылықты еңсерген алғашқы қазақ әні болды, Рымбаева сөзсіз жеңіске жеткен еді, ән бірден хитке айналып, қазақ ән өнерін бүкілодақтық және халықаралық деңгейге шығарды.
Сейдолла Бәйтерековтің шығармашылығы өзі бала кезінде бойына сіңірген халық әні және полифониямен ерекшеленетін кәсіби хор музыкасының синтезінен тұрады. Санжар Бәйтерековтің сөзінше, әкесінің мұрағатында Якоб Обрехт сынды ортағасырлық композиторлардың партитуралары сақталған, бұл Сейдолла Бәйтерековтің жалпы қазақ халық музыкасына тән емес полифонияға қызығушылық танытқанын аңғартса керек.
ХХ ғасырдың екінші жартысында джаз кеңестік музыкаға белсенді түрде ене бастады. Ол музыканттардың бұрын естіген дүниелеріне кереғар әрі түсініксіз бола отырып, еркін өмірдің бір бөлшегіне айналды. Сейдолла Бәйтереков те джазды бойына сіңіріп, оны өз музыкасына үйлестірді. Септаккорд, нонаккорд және синкоптың тізбегі, оңтүстікамерикалық ырғаққа жүгінгенде джаз композитордың музыкасына жаңа реңк берді.
Шәмші Қалдаяқовты қазақ вальсінің королі десе, Сейдолла Бәйтереков қазақ босановасының королі, себебі Сейдолла Бәйтерековтің көптеген әні босанова ырғағымен жазылған.
Босанова 60-шы жылдары пайда болып, танымал халықаралық музыка тіліне айналды. Ал қазақ босановасы – бұл музыкатанушыларға ғана емес, музыканттардың өзіне де әлі толық ашылмаған құбылыс. Бұл жанр Қазақстаннан шалғай жатқан Бразилияда пайда болса да, қазақ босановасындағы бізге түсінікті, жергілікті әуез жоғалған жоқ, композитордың ой-пайымы да өз орнында. Босанова өзінің көңіл-күйімен баурап алып, қазақ композиторлары мен музыканттарының дүниетанымымен сәтті үйлесім тапты.
Сейдолла Бәйтереков хор мен оркестрге арналған шығармалар, фильмдер мен спектакльдерге музыка жазса да, ән ол үшін өзін еркін сезінген айрықша жанр болып қала берді және бәрінен бұрын ән жанрында мейлінше ашылды. Әлбетте, ән тыңдарманға өте жақын – ал композиторға өз өнерін халыққа арнау өте маңызды. Сұхбаттарының бірінде ол адамдар шырқай алу үшін қарапайымдылық пен қолжетімділікті қолай көретінін, әнде күрделі модуляциялар жасағанды ұнатпайтынын айтқан еді. Расында солай: талай жылдар өтсе де Сейдолла Бәйтерековтің әндерін кәсіби әншілер де, әуесқойлар да орындайды. Мысалы, «Жан досым» немесе «Дос туралы жыр» үйлену тойында да, дос-жаранмен болатын отырыстарда да жиі шырқалады.
Бәйтереков өз әндерін кең вокалдық диапазонға лайықтап жазды, өйткені орындаушы да маңызды. Кейде орындаушы жаман материалды жақсы немесе керісінше, жақсы материалды жаман етуі мүмкін. Бұл тұрғыдан алғанда, өнердің барлық түрінің ішінде музыка орындаушының қарым-қабілетіне тікелей байланысты, сондықтан кез келген композитор жақсы орындаушыны іздейді. Сейдолла Бәйтереков үшін Роза Рымбаева көп туындыларын орындаған шоқтығы биік орындаушы болды. Дәл осындай жарқын тұлғалардың тағы бірі – халық әнінің нақышында жазылған «Сары Арқа» әнін орындаған Бағдат Сәмединова.
Оның әндерін сондай-ақ танымал әншілер – Ермек Серкебаев пен Әлібек Дінішев шырқады. Жалпы, Бәйтереков жақсы орындаушыларды өте сәтті таңдап, дөп түсетін.
Композитор сөзге де байыппен қарайтын, себебі оның әндері мәтінмен терең байланысып жатыр, мысалы, мәтінді шет тіліне аударғанда ән өз реңін жоғалтып алатын жағдайлар да болады. Әріптестері мен отбасы мүшелерінің сөзінше, композитор мәтінді мұқият таңдап, оны әнге салып шырқап, кейде сөздердің орнын ауыстыратын. Ол үшін мәтінде дауысты дыбыстардың, екпіннің болғаны маңызды еді. Оның көптеген әні 3 шумақтан тұрады, ал егер 2 шумақ болса, ол міндетті түрде сегіз жолдан тұруы тиіс. Композитор сұхбаттарының бірінде, егер мәтін ән болып шырқалмаса, онда әннің тууы мүмкін емес деген еді.
Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов және Сейдолла Бәйтерековтің әндері – айтарлықтай кең таралған кеңестік эстрада болғанымен, ол қарапайым қазақстандық тыңдарманға бағытталуымен ерекшеленеді. Ән туралы айтқанда үнемі тасада қалып қоятын ақындардың да бұл тұста маңызы зор екенін атап өткен жөн.
Тұманбай Молдағалиев, Жұбан Молдағалиев, Бәкір Тәжібаев, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Әбдірахман Асылбек, Шөмішбай Сариев және басқа ақындардың бұл жанрдағы маңызы композиторлардан бір мысқал кем түспейді. Себебі ән қашан да ақын мен композитордың бірлескен еңбегінің жемісі. Жалпы, бұл кезеңде өнер иелері мағынаға көп мән берген – олардың әндеріндегі мән-мағына өте маңызды рөл ойнайтыны ақиқат. Бәлкім, содан да болар, олардың әндері уақытқа бағынбайды – ондаған жылдар бойы өзектілігін жоғалтпай, тыңдарманның ыстық ықыласына ие болып келе жатыр.
Әрине, қазақтың популяр ән өнерінің бастауында тұрған композиторлардың саны үшеумен шектелмейді. Бұл – көз майын тауысып ақпарат жинап, басқа елдердегі музыкалық тәсілдер мен замандас музыканттардың тәжірибесін бойына сіңірген композиторлар мен музыканттардың буыны. Оларға көбіне «Америка дауысы» сияқты радиостанциялардың толқынын ұстап, эфирді магнитофондарға жазып алып, қайта көшіріп, ноталарды тыңдап отырып қағазға түсіруге тура келді. Ерекше жаңа ырғақты құлағы шалып қалса, бойын айрықша сезім билеп, музыканттар бұл жаңалықты өз музыкасына енгізіп, отандық музыка топырағына жаңа дән сеуіп, оны мәдени кодымыздың, мәдениетіміздің бір бөлшегіне, табиғи бөлігіне айналдыруға ұмтылыс жасады.