1991-2023 жылдардағы
Қазақстанның
поп-музыкасы жайлы кітап
Жоба командасы
1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы заң қабылданды
Осы айтулы оқиғадан бір жыл бұрын елімізде екі халық­аралық музыка фестивалі — «Алтын Алма» және «Азия Дауысы» өткен еді. Соңғысы «Медеу» мұз айдынында өтіп, оған әлемнің он бес елінен келген өкілдер қатысты.
Танымал музыканы қолдауға және дамытуға бағытталған мұндай ауқымды іс-шара тек эстрада әртістері үшін емес, көпшілік аудитория аса біле бермейтін жанрда өнер көрсететін әртістер үшін де жақсы трамплин болды.

Сол жылғы «Азия Дауысының» бірінші және екінші дәрежелі жүлдесі еліміздің атынан шыққан қатысушылар — Roksonaki рок-тобы мен Мақпал Жүнісоваға бұйырды. Бұл тәуелсіздік алған уақыттан бері қазіргі күнге дейін дамып келе жатқан танымал музыкамыздың саналуандығының қызық бір мысалы деп ойлаймыз.
Посткеңестік алаңда екі термин де ұқсас түсінікті меңзейді деп топшылауға болатын шығар — бұлай деп көпшілік тыңдайтын немесе эстрада музыкасын атаса керек.
Батыстағы зерттеу тәжірибесінде бұл түсініктердің аражігі бар: поп-музыка танымал музыканың бір бөлігі ретінде қарастырылады — ол ХХ ғасырдың ортасындағы рок-н-ролл революциясының нәтижесінде пайда болып, белсенді түрде сұранысқа ие басқа да жанр элементтерін қолдана бастаған.
Алайда «танымал музыка» дегеніміз не және ол «поп-музыканың» синонимі санала ма?
Осы зерт­теуіміздің аясында «танымал» және «поп» түсініктері парапар ұғым ретінде қабылданып, көптеген жанрды қамтиды: рок-музыка мен эстрада әншілерінен бастап хип-хоп мәдениет және той-индустрия мен тәуелсіз сахна өкілдеріне дейін — бұл бағыттың бәрі түрлі кезеңде ел мәдениетіне үлкен әсер еткен, әсер етіп келеді де.
Біз сіздерге Қазақстанның поп-музыкасы туралы кітапты ұсынамыз — бірлесіп жиған естеліктер мен ұжымдық сараптама арқасында шыққан зерттеу жұмысы 1991–2023 жылдар аралығындағы жергілікті музыка мәдениетіне арналған.
15 ай
ақпарат берушілер
30+
400+
33 жыл
музыкант пен әртіс аттары
қарау кезеңі
жүргізіліп жатқан жұмыс
Шетелдегі зерттеушілерден архивтегі материалдарды сұрауды қажет етпей, мәдениетіміз бен қоғамымыз туралы сырт көзге сүйенбей, тек жергілікті сарапшылармен бірлесе отырып, өз бетімізбен жасаған және ешкімге тәуелді емес тарихнамамызды жазып шығу маңызды еді.
Зерттеуіміз жан-жақты болуы үшін сан-алуан жанрдан тұратын қазақстандық музыка әлемімен тығыз байланысты болған мамандарға жүгіндік.
Мәди Мәмбетовтің, Роман Райфельдтің, Виолетта Тельманованың, Руслан Якуповтың, Темірлан Сатыбалдиевтың және Злата Удовиченконың қосқан үлесі арқасында әртістер туралы негізгі мәліметті жинап, тәуелсіздік алған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстан сахнасы бастан кешкен түрлі кезеңді қамти алдық.
Бұған қоса музыканттармен, өнер қайраткерлерімен және шоу-бизнес өкілдерімен кездестік. Олардың қатарында Досболат Әділов, Жеңiс Сейдоллаұлы, Әділ Жамба­киев, Жан Қастеев, Бағым Мұхитденова, Рашид Ботбаев, Ермен Анти, Қарлығаш Махатова, Данияр Жиенбаев, Эмиль Досов, Тимур Назарғалиев, Айбек Жанысбаев және тағы басқа жандар бар.
Олардың білімі мен тәжірибесі арқасында кейінгі онжылдықтардағы Қазақстан музыка индустриясы туралы ойымызды толықтыра алдық, сол үшін оларға айтар алғысымыз шексіз. Түрлі сарапшылар тобымен байланысқа шыққанымыз зерттеуіміздің дәл әрі өзекті болуына көмектесті, ал сол мәліметтің бәрін сараптау терең ой-толғауға әкеледі деп үміттенеміз. Өйткені өзің мен өз мәдениетініңді жоғалтып алмау — заманауи әлемнің бас мәселесі.
Дегенмен бәрін нақты есте сақтау мүмкін емес, білген дүниелерің де кейде ұмытылып кетіп жатады, ал поп-музыка медиумдармен, яғни мәдениет құбылысы мен аудитория арасындағы бітімшілермен тығыз байланысты.Кейбір әртіс туралы мәліметті командамыз желіден тапты: бұл — «Уикипедиядағы» жазбалар, ивент-агенттіктердің сайттары және тіпті YouTube-тегі видео астына жазылған пікірлер. Осы тұстан алып қарасақ, еңбегімізге үлес қосқан жандардың аясы шынымен өте кең.
Өкінішке қарай, өз шығармашылығы туралы ақпаратты көпшілікке арнап әдейі жариялап отыратын музыканттардың қарасы аз, бірақ бізге «Караван» және «Время» басылымдары сайттарының, «Новое поколение» газеті архивінің, Wayback Machine, Discogs және Altyn-Qor сервистерінің, ­заманауи лайфстайл­медианың, Parvaz.kz ұйғыр орындаушылар бірлестігінің, Gakku YouTube-арнасындағы сұхбаттар мен Tanys bol бағдарламасының, Тимур Балымбетовтің «Ашығын айтқанда» онлайн-бағдарламасының, музыканттардың «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі топтарының, «РиК» музыкалық бағдарламасының сирек кездесетін бөлімдерінің, Арсен Баяновтың еңбектерінің және тәуелсіздік алған жылдардағы қазақстандық музыка туралы контент түсірген, жазған немесе жариялаған әрбір адамның көмегі тиді.
Жоба командасы әр ақпаратты тексеріп отыруға ты­рысты. Кейбір мәліметті нақтылап алу үшін әртістермен тікелей байланысқа шықтық немесе олардың менеджментіне хабарластық — бізге жауап берген әрбір жанға қосқан үлесі мен ашық диалогі үшін рақмет айтамыз.
Кейде біздің сауалдарымыз біз күткен кері байланысты ала алмады: бір жағынан, бұл біздің жұмысымызды қиындатты, өйткені қазақстандық сахнаның барлық өкілі туралы өзіміз қалаған деңгейде айтып бере алмадық. Бірақ, екінші жағынан, бұның бәрі — зерттеуіміз маңызды екенінің дәлелі. Байланысқа шыққан кейбір әртіс өзін осы кітапқа қосқанымызды қаламады. Біз олардың таңдауына құрметпен қараймыз, алайда Қазақстан музыкасының тарихы туралы жазғанда, олардың қосқан үлесін елеусіз қал­дыра алмаймыз.
Біз әлеуметтік трансформациялар мен танымал мәдениет арасындағы байланысты зерделеуді мақсат еттік — бұл қоғамымызды зерттеу­дің қауіпсіз, дәл әрі тиімді тәсілі деп санаймыз.
Бұл кітап — тәуелсіз Қазақстанның музыка индустриясын зерттеудегі және түсінудегі алғашқы қадам
Қазақстан тәуелсіздігін алған сәттен бері әлеуметтік және мәдениет өзгерістері айқын байқала бастады. Бұл өзгерістер тек ішкі саяси сұраныс­тан емес, қоғамның өз кімдігін іздеу мен қайтаруға деген ұмтылысынан да туды.
Кітабымыз болашақта еліміздің танымал музыкасын зерттейтіндерге негіз болады деп үміттенеміз.Алдағы уақытта ол жаңа әншілердің есімі мен осы еңбегіміз аясында шығармашылығын зерттемеген жандармен толығады деп сенеміз.
Қанша жерден түрлі жанр мен кезеңді қамтуға тырыссақ та, бұл кітап — қазақстандық поп-музыканың толық тарихы емес және энциклопедия болуға да мүлдем тырыспайды. Қандай да бір ақпарат біздің назарымыздан тыс қалуы да мүмкін.
Бұл процесс танымал мәдениетке әсер етті ме?
әлде мәдениет өкілдері бұқара санасының өзгеруіне ықпал ете ме?
Сыртқы жағдайлар ел музыкасына әсер ете ме,
Поп-мәдениет арқылы қоғамда болып жатқан негізгі өзгерістерді бақылай аламыз ба?
Өйткені оның күрделі жүйесіндегі түрлі бөліктің сұранысы әртүрлі болуы мүмкін ғой. Біз танымал жергілікті және аймақтық музыкалық феномендерді қарастыра отырып, қол жеткізген мәліметтер арасынан қоғамның хал-жағдайы мен Қазақстанның поп-мәдениеті арасындағы байланысты аңғаруға көмектесетін дүниелерді анықтауға тырыстық.
музыкалық бірлестіктер мен жеке әртістер
Зерттеуміздің объекті —
Әрине, олар біз жасаған қорытындылармен келіспеуі мүмкін, бірақ біз әртістермен бір деңгейде болып, музыка және қоғамға қатысты барлық процесті ретроспектива тұрғысынан зерттеп көрдік. Еңбегімізде ­әртістердің жеке өміріне көп тоқталмауға, олардың шығармашылығына этикалық тұрғыдан баға бермеуге тырыстық. Жалпы контексті ысырып қойып, бар болғаны олардың жергілікті сахнаға ықпалын ескеруге ұмтылдық. Кейбір әншінің есімі мен лақап атын қазіргі таңдағы позициясы бойынша жаздық — кейінгі отыз жылда қоғам ішінде көп өзгеріс болып, бұл жалқы есімдерге ғана емес, топонимдердің де жазылуына әсер етпей қоймады.
Команда жинап, өңдеген ақпаратты шолып өтіп, сараптама жасауды арнайы мамандарға сеніп тапсырдық — олар Қазақстанның музыкалық сахнасы туралы өз көзқарасын әр тарауға тиесілі эсселерде ашып жазды. Бұл мамандарды да авторлардың бірі деп санаймыз.
Командамыз стандартты хронологиялық принципті қолдана отырып, қазақстандық поп-музыканың біркелкі емес даму моделін құрылымдауға тырысты, бірақ соған қарамастан музыканттардың хронологиялық тізімі шартты түрде берілген деп айтуға болады. Ыңғайлы болуы үшін кітап бес тарауға бөлінген және әрқайсы белгілі бір жанрдан сыр шертеді.
Жұмыс барысында оқырманға ақпаратты әуелі орыс тілінде ұсынамыз деген шешімге келдік — мұның себебі авторлардың біреуі ғана Қазақстан музыкалық алаңының тарихи тұсын тереңірек білетінінде.
Тарихи тұрғыдағы Қазақстан қоғамының тілдік поляризациясын ескере отырып, бұл кітап бірден екі тілді жазылды: қазақ және орыс тілде­рінде.
Орыс тіліндегі эссе авторы — Александр Медведев — Esquire журналының қазақстандық нұсқасының және BLVD басылымының бұрынғы бас редакторы. Ол — миллениум дәуірінің өкілі, оның жастық шағы Қазақстандағы альтернативті музыканың жандануымен, ал кәсіби жолы тәуелсіз сахнаның пайда болуымен тұспа-тұс келген.
Оның серіктесі және қазақ тіліндегі эссе авторы — Әділ Айжарық — 98’Mag интернет-басылымының колумнисі, музыкалық шолулардың авторы, керісінше, жаңа дәуірдегі медиамамандардың қатарынан.
Екі авторымыздың эсселері бір-бірінен бөлек туынды, олар бір-бірінен көшірмеген және эсселері екі жақты аударма емес. Авторларымыздың көзқарасындағы айырмашылықтар мен олардың қызығушылықтарының, соның ішінде тіл мәселесіне қатысты ерекшеліктерінің арқасында бұл кітаптың зерттеу тақырыбына тереңірек үңіліп, оқырмандарды Қазақстан поп-музыкасының тарихын бірге зерттеуге шақырамыз.
Бұл кітап біз тақырып еткен мәдени мұраға деген үлкен махаббатпен әрі құрметпен жазылды. Өзіміздің балалық шақтағы естеліктерімізге оралып, маңызды немесе танымал музыканы әрбіріміз әрқалай елестетенімізді байқадық. Өйткені командамыздың мүшелері түрлі уақытта түрлі қалада өскен — Алматы, Атырау, Көкшетау, Қызылорда және Орал. Бұл біз үшін қоғамымыздың саналуандығының тағы бір мысалы болды және біз әрқайсымыздың өмірлік тәжірибесін бағалаймыз — кітапты жазу кезіндегі позициямыз да осындай еді.
Біз «Меломан» компаниялар тобына және EA Group инвестициялық холдингіне, атап айтқанда, Ерік Әубәкіровке, жобамызға сеніммен қарап, ұмтылысымызды қолдағандары үшін алғыс білдіреміз. Осындай қолдау алып, естеліктерді жазбалап, растамаларды оқып, замандастарымызбен сөйлесіп, оларды бақылап, осы білімді болашақ зерттеушілерге аманат етіп қалдыра алатын кезеңде өмір сүріп жатқанымызға қуаныштымыз.
Бұл ақпаратты жинап, қорытып, көптеген адамға ұсыну — үлкен артықшылық. Біздің буынымыз осы артықшылыққа алғаш болып қол жеткізген шығар. Субъектілік мәселе біздің командамыз үшін басты мәселе — біз мәдениет­тің қандай нәзік екенін, тарихтың қаншама рет қайта жазылуы мүмкін екенін білеміз. Әсіресе тарихты оған тікелей қатысы жоқ немесе мұрагер емес жандар жазған кезде. Нәтижесінде бәріміз — тәуелсіз Қазақстанның қоғамы, Қазақстан мәдениетінің мұрагеріміз.
Куаныш Жубандыков
Наргиз Шукенова
Малика Кохан
Гульнар Наурызбай
Осы еңбегімізде алдыңғы буын тұлғалары мен замандастарымыздың атын өшірмей, көрген-білгенімізді болашақ ұрпаққа жазып қалдыру арқылы сабақтастық құрып, рефлексия мен жасампаздық алаңын қалыптастыруға ұмтылдық.
Жоба командасы